Казахские стихи про осень. Стих на казахском языке.

Күз
Абай Құнанбайұлы
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
Күз
Бернияз Күлеев
Күні кеше ғана жүз жайнаған,
Құбылжыған сәнді табиғат.
Бүгін көрсең жөнді түр қалмаған,
Солған, өшке, өлген - бәрі жат.
Қатбар - қатбар қара жар бұлт,
Көкті қапта, жерге еңкейіп.
Тасты жарып, бейне тауды бұзып,
Түйдек - түйдек жүзген теңселіп.
Көк көркемі анау тұрған күннің,
Болар - болмас қана жаны бар.
Әжім басқан жарық нұрлы жүзін,
Нендей көрік, нендей сәні бар.
Шошынған ол, безген, бетін басқан,
Бір қарауға жерден жиіркеніп.
Қол жетпейтін биік алысқа асқан,
Бұлдырайды шақ - шақ көрініп.
Көкте ызғар, жерде ойнақ салып,
Ұйтқып ескен долы салқын жел,
Ойды - қырда түссіз тоңған қалып,
Тілсіз дала, үнсіз жатыр ел.
Қайда қаз, қу көкте қиқу салып,
Суылдатып қанат қағынған.
Тамылжыған жазғы таң сәріден,
Шуылдасып көлге жиылған.
Қош айтысқан, кеткен көңіл суып,
Туған, өскен жерге бауырлас.
Күзгі құстар
Нұрлан Оразалин
Әшірбекке
Бұйыртса... Көктем,
кеудемде талай күз, ән бар,
жазым бар жарқын
аспанын арман көлбеген.
Сырнайлы таңым,
сыбызғы кешім, ұзаңдар!
Ұзаңдар, құстар!
Қоштасып қоңыр белменен,
құм, шағылдармен шөлдеген.
Ұшыңдар, құстар!
Ұшыңдар мұңды кештермен,
қас-қағым өмір,
өзегіңді өртер түс, білем...
Ұшыңдар ұзап
жұлдызды, түнгі көштермен,
ұлы даламен,
ұлы таулардың үстімен,
сағынып ұшар құс кілең.
Бұйыртса... Көктем,
қаз ұшар талай күзім бар.
Қараша құстар,
қоштасқан өзен, көлменен,
Кеудемнен менің сызыңдар.
Сызыңдар ұзап!
Қалдырып қырға, елге - өлең,
махаббат, мұңға шөлдеген...
Қараша құстар...
Қараша құстар көлбеген...
қараша, 1968 жыл
Күзгі сағыныш
Нұрлан Оразалин
Бұла арман сынды...
Бұла таңдарды тербеген,
бұла сағымдай
бұғалық түсіп көрмеген,
бұл өнім менің жазылды,
кезімде
сағыныштарға шөлдеген...
Шалқарға -
шалқып құлаған,
шулаған -
сыңсып жылаған,
долы өзендердей,
қара ормандардай
шырқаған кезде бұлақ ән...
Жол тартып
жылы тұстарға,
ақ еділ көлден
ақ үйрек-қаздар ұшқанда,
бұл әнім менің жазылды,
еңсеріп кешті,
телміріп қарап құстарға...
қазан, 1973 жыл
Күз
Тұманбай Молдағалиев
Сап-сары күз соныменен келді ме,
Ағаштардан жапырақтар төгілді.
Несібесін жинап жатыр ел міне,
Ауыл маңы бұрынғыдан көңілді.
Жылы жаққа топ-топ болып түзеді бет
Жаз қызығын көрген біздің құстар да.
Алма ағашты күз желі бір сілкіп ет,
Өз келіп дәл алдыңа түсті алма.
Суық түсер, бізден жылы озар күн,
Түнге қарай жасырынар ай бұлттқа.
Қауын-қарбыз баяғыда-ақ базардың
Сөрелерін толтырып тұр байлыққа.
Суық та емес, ыстық та емес, рахат,
Жел де оншама байқатпайды екпінін.
Жүзім, өрік, мөлдіреген қарақат,
Бақша тұрмақ, базарда да жоқ бүгін.
Қолқабас қып әке менен шешеге,
Балалар да рахатқа батады.
Ал күн шыға олар толып көшеге,
Мектептерге кетіп бара жатады.
Күз
Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,
Көкорай түсі қашып солып тұрған.
Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне,
Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған.
Көрік жоқ ойда-қырда шығып жүрсең,
Естілмес құс, құрт даусы құлақ түрсең.
Қақтанған, жамыла түсіп, от маздатып,
Көресің кемпір-шалды үйге кірсең.
Масатыдай құлпырған жердің жүзі,
Аяқ бассаң - табанға өтер сызы.
Кемпір болған бет-аузы қатпарланып,-
Бұраңдаған кешегі сұлу қызы.
Қысқасы, жер жүзінде көрік біткен,
Қараған да, сұлу қыз қайта кеткен.
Жыламсырап, мұңайып жанды-жансыз,
Қатты аязды, қайырымсыз қысты күткен.
Осы уақыт шаһарға тұрсаң қарап,
Түрлі жұрт түрлі істе жүрген тарап,
Көше бойлап, оқуға шапшаң басып,
Шаттықпен жас балалар боқша арқалап.
Қыс, күз болмас оларға көңілсіз шақ,
Оқу біліп, айырар қара мен ақ.
Өнерленген дүниеге ұста болған,
Қолдарында олардың тәж бенен тақ .
Қарасаң сонда қазақ арасына,
Ойнаған жалаң аяқ баласына,
Кетеді іш елжіреп, жанып-күйіп,
Көңілдің тұз сепкендей жарасына.
Жас емір надандықта өткен босқа,
Оқымай, өнер қумай жазы-қыста.
Білімнен ат-тонымен қашқан қазақ
Сайлауға таласуға қандай ұста.
Баласын оқытумен жоқ жұмысы,
Ел бұзу, малын шашу - барлық ісі.
Ойлаған бір күн бұрын таңдағы істі,
Япырым-ау, айтсаңдаршы, бар ма кісі?
Басқа жұрт балалары оқу қуған,
Біліммен өз жұртының бетін жуған.
Ішіп-жеп, босқа жүрсе хайуан малдай,
Адамзат жер жүзіне не үшін туған?!
Қор болдық, өнер қумай, қайран елім!
Күш кетіп, талай жаннан көрдік керім.
Сұлық боп, жан шыққалы тұр таяулап,
Маңдайдан шып-шып шығып елім терің.
Күзгі сағыныш
Есенғали Раушанов
Көкте, жсрде көремін сені ғана.
Өзіңнің хаттарыңнан
Қыпша бел өзен жақта анау
Сайрайды бұлбұл тіз безеп.
Қыламықтаған ақ қар-ау,
Кідіре тұршы бір мезет.
Қайтпайтын шақты сағынып,
Қайғысын шегіп арманның,
Қараша қарын жамылып,
Қамығып әнге салған кім?
Жел ме екен жазды еске алып,
Сыңсыған арзу тілекпен?
Мен бе екем әлде кеш қалып,
Кеш қалып сені жыр еткен?
Күзгі ойлар
Есенғали Раушанов
Ауылымның қонған жері - бұла қайнар,
Қайнардан су ішеді қылағай нар.
Мінгесіп қылағайға келіп қалды
Қараша,
Қауыс деген құдағайлар.
Келсең, кел, алағайлым, бұлағайлым,
Күлмеймін, қайғырмаймын, жыламаймын.
Бір күні қыс та жетер деймін іштей
Жабысып өркешіне қылағайдың.
Е, келсін, енді менің немді алады,
Қауіп емес енді маған жел-бораны.
Өзім-ақ кетем ертең тастап бәрін
Кең жылы ой, кезбе бұлақ, кер даланы.
Қоштасам аспаныммен, асқарыммен
Басынан бұлт асырмас асқағыммен.
Оралам бір күндері, мүмкін, қайтып,
Ол бірақ басқа әңгіме, басқа... мүлдем...
басқа... мүлдем!