Абиш Кекилбаев - стихи на казахском языке. Әбіш Кекілбайұлы - Өлеңдер.

Гүл дүкені
Әбіш Кекілбайұлы
Қыз бен жігіт, сәби, жасы, кәрісі -
Бәрі осында ертелі - кеш келеді.
Қызыл, ағы, көгілдірі, сарысы -
Туған жердің гүлі неткен көп еді.
Албырт жігіт алабұртып қарайды,
Ару күтіп тұрған болар бақшада.;
Алаулатып алқызыл гүл қадайды,
Анар төсін аймалауға жасқана.
Жатыр біреу ақынға арнап сый алып,
Ол да дұрыс! Ғажап - ғажап жыр тусын!
Балғын әке әйеліне қуанып
Гүл ұсынбақ: - ұлы гүл боп құлпырсын!
Біреулердің көздерінде қуаныш,
Гүл іздейді, гүл сұрайды асыға.
Енді біреу өңі қашып қуарып,
Гүл іздейді - қоймақ мола басына.
Бір жылпылдақ көк тер болып қапылып
Кірген екен, басылмапты аптығы,
Гүл сұрайды, тыпыршып тұр асығып,
Күні бүгін келмек екен бастығы.
Біреуді гүл жақсы атақты етеді,
Біреуді гүл көрге апарып көмеді,
Бәріне де, бәріне де жетеді -
О, қара жер, гүлің неткен көп еді!
Мамыр, 1959
Даңғаза ер, дәукес-дана, есер-көсем...
Әбіш Кекілбайұлы
Даңғаза ер, дәукес-дана, есер-көсем
Бастаса, кетпес жерде кетер де есең.
Кесірлі ел атанарсың кесапаты мол,
Бөсе бер, бұл сөзімді бекер десең...
Сен едің: "Қалжаңа қарап қатын ал", - деген,
Енді өзің сол ақылды сатып ал менен.
Су аяқ сұғанақтарың сумаңдап жүр:
"Дау қуып, жетекке ермей, жатып ал", - деген.
Жеті серсің жетекке ермей жер құшақтасаң,
Есікте еңсенді жықпай, төрде ұсақтасаң,
Дау салып, жау қашқан соң, қатын ер боп,
Періден айырылып қап, тері пышақтасаң.
Кешегі кесепатта бөгеді кім?
Көптен күш асыра алмасаң, сегеді кім?
Енді, міне, керін келтіріп жүрмегейсің
Байғұстың етегіне бидай салсаң,
Қоқайы тұрып кетіп төгедінің...
1999
Дүниенің бұлаңы-ай
Әбіш Кекілбайұлы
Дүниенің бұлаңы-ай,
Дәуренінің сылаңы-ай,
Қиял иттің лаңы-ай,
Жаратқанның олағы-ай,
Жаралғанның молағы-ай,
Ұзын дәме, шолақ ой,
Өзіне мәз пенденің
Ындыны, сірә, толама-ай?!
Толмаса, түбі толады-ай,
Болғанда басы толағай.
Уайым тұрмас ұдайы-ай,
Заманның солай сылайы-ай,
Аулақ болғай, құдай-ай,
Алағай да былағай...
1988
Жол жыры
Әбіш Кекілбайұлы
Ел аралап, жаз болса, бастан аяқ,
Кетемін, үй күшік боп отырамын ба,
Қалада, тыныш үйде, костюм аяп,
Былғамай туған жердің топырағына.
Қимаймын салқын сыра, жел өсекке,
Жыл он екі ай бір келген жазым қымбат.
Сергимін аунап-қунап көбе шөпте
Шегіртке мен шіркейдің джазын тыңдап.
Жалпақ жон маған түздің Бродвейі,
Сылқымы бұл көшенің - сартамақ құр,
Ала юбка көбелек бұраң белі
Даланның бар бояуын арқалап жүр.
Мен де боздақ ұлы едім табиғаттың,
Ертерек отау тігіп шеттеу кеткем.
Қыр бөкені құйғытып шағыл астың,
Бауырым, үркітті ме көк береткем.
Сонда да қақталып қыр от лебіне,
Қыдырам, қымыз жұтам, шұбат ішем,
Анамның жұпар иіс көкірегіндей
Жусанға тұмсығымды тыға түсем.
1962
Жер - ананың мен сүйікті перзенті...
Әбіш Кекілбайұлы
Жер - ананың мен сүйікті перзенті,
Осалсың деп айта алады маған кім?!
Менің ізім - жердің бүкіл келбеті,
Ажарымын дүниенің, адамымын!
Жер - ананың мен сүйікті перзенті,
Осалсың деп айта алады маған кім?!
Менің ізім - жердің бүкіл келбеті,
Ажарымын дүниенің, адамымын!
Өкпелетіп көрген емес жер мені,
Жер - ананы өкпелетем неден мен.
Өз қолымнан салынған бар өрнегі,
Жыртығын да жамаймын өз денеммен!
Жағымпаздаң басына...
Әбіш Кекілбайұлы
Жағымпаздың басына
Қонды келіп көбелек.
Піл болғанда көбелек,
Ол жаншылып өлер ед...
Әй не керек, не керек!
Думанды жерден суыстым...
Әбіш Кекілбайұлы
Думанды жерден суыстым,
Жиынды көрсем - ығысқам,
Абайламай у іштім
Бал құятын ыдыстан.
Шетірек кетсем, шер тарқап,
Оңаша ойдың өтінде,
Мәуемді ызғар жел қоршап,
Бүрісіп мезгіл өтуде.
Құлпырарға - көктем жоқ,
Қырқыларға - ертерек,
Көрер көзге өктем боп
Тұрмайтын ба еді өр терек.
1960
Жерде атыс. Тарс-тұрс. Құстарға да оқ тиеді...
Әбіш Кекілбайұлы
Жерде атыс. Тарс-тұрс. Құстарға да оқ тиеді.
Көшеде айқас. Сарт-сұрт. Жайрағандар сүйегі.
Үйде егес. Түзде төбелес. Қалшылдаған иегі.
Шіркін дүние қым-қуыт. Білегі көкке білеулі.
Еліріп алған ес шіркін білмейді өзге тілеуді.
"Төбелес", - дейді. - "Төбелес!" Төбелестен өңге жөн емес."
"Ерегес , - дейді. - Ерегес. Келмесе болғың келемеш."
Күрес, - дейді, - өмірді. Тыныштық, - дейді, - өлімді.
Өлу үшін буып беліңді, өтесің аңсап көмуді.
Тап келтенге төнуді, шап бергенді жеңуді,
Қайтарам деп кегіңді қара көрге енуді.
Қара жер тапап төсіңді, қайтарар әбден өшіңді -
Тияр ең сонда бөсуді, жияр ең сонда есіңді.
Есіңе түсіп не сұмдық, өзіңді өзің шошынтып,
Табар едің сабаңды, ұстар едің жағаңды,
Таныр едің тобаңды, талқандап бұзып молаңды,
Шығып қайта жарыққа: "Сап-сап!", - дер едің халыққа.
1999